Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 2023 жылғы 10 шiлдедегi № 752 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 11 шiлдеде № 33057 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз.

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік сыныптамасын жасау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 14 қарашадағы № 494 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9892 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік сыныптамасын жасау қағидаларында:

      15-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) мазмұнына байланысты мыналарға:

      мемлекеттiк функцияларды, өкiлеттiктердi жүзеге асыру және олардан туындайтын мемлекеттiк қызметтердi көрсету;

      трансферттер мен бюджеттiк субсидиялар беру;

      бюджеттік кредиттерді беру;

      бюджеттiк инвестицияларды жүзеге асыру;

      күрделi шығыстарды жүзеге асыру;

      мемлекет мiндеттемелерiн орындау;

      нысаналы салым салу;

      нысаналы аударым;

      нысаналы жарна.

      Мемлекеттік органның даму жоспарының немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарының мақсатына, бірыңғай түпкілікті нәтижеге қол жеткізу үшін мемлекеттік функцияларды, өкілеттіктерді жүзеге асыру және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтерді көрсету, күрделі шығыстарды жүзеге асыру, бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыру, трансферттер мен бюджеттік субсидиялар беру бойынша шығындар, көрсетілген шығындарды жекелеген кіші бағдарламаларға бөле отырып, бір бюджеттік бағдарламаға біріктірілуі мүмкін;".

      2. "Бюджеттiк өтiнiмдi жасау және ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 24 қарашадағы № 511 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10007 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізiлсiн:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Бюджеттік өтінімді жасау және ұсыну қағидаларында:

      8-тармақта:

      11), 12) және 13) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "11) республикалық бюджеттен облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерiне нысаналы даму трансферттер бөлiнген жағдайда облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарымен келiсiлген жоғары тұрған бюджеттен нысаналы трансферттер және/немесе кредиттер бойынша бюджет бағдарламалар жобаларын, бюджеттік бағдарламаларға (кіші бағдарламаларға) сәйкес бөлінген нысаналы трансферттерді пайдалану есебінен қол жеткізілген тікелей және түпкілікті нәтижелер туралы есепті;

      12) облыстық бюджеттен ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджеттерiне нысаналы даму трансферттері, оның ішінде облыстық бюджеттерге бөлiнетiн және одан әрi ауданның бюджеттерiне бөлуге жататын республикалық бюджеттен нысаналы даму трансферттері бөлiнген жағдайда, ауданның жергiлiктi атқарушы органдарымен келiсiлген жоғары тұрған бюджеттен нысаналы трансферттер және/немесе кредиттер бойынша бюджеттік бағдарламалар жобаларын, бюджеттік бағдарламаларға (кіші бағдарламаларға) сәйкес нысаналы трансферттерді пайдалану есебінен қол жеткізілген тікелей және түпкілікті нәтижелер туралы есепті;

      13) ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетінен аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер бюджеттерiне жоғары тұрған бюджеттен нысаналы даму трансферттері, оның ішінде облыстық, аудандық бюджеттерге бөлiнетiн және одан әрi аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер бюджеттерiне бөлуге жататын республикалық бюджеттен нысаналы даму трансферттері бөлiнген жағдайда, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппаратымен келiсiлген жоғары тұрған бюджеттен нысаналы трансферттер және/немесе кредиттер бойынша бюджет бағдарламалар жобаларын, бюджеттік бағдарламаларға (кіші бағдарламаларға) сәйкес бөлінген нысаналы трансферттерді пайдалану есебінен қол жеткізілген тікелей және түпкілікті нәтижелер туралы есепті;";

      37) тармақша алып тасталсын;

      38) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "38) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар сұрататын басқа да қажетті ақпаратты қамтиды.";

      24 және 25-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "24. 02-114-нысан (19-қосымша) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарына арналған шығыстарды есептеуге арналған.

      Есептеуді осы нысан бойынша жасаған кезде Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексін басшылыққа алған жөн.

      19-қосымша сонымен қатар 135 "Техникалық персонал бойынша жұмыс берушілердің жарналары" ерекшелігі бойынша міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының шығыстарын есептеу үшін қолданылады.

      25. 01-116-нысан (20-қосымша) Жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары шығыстарды есептеуге арналған.

      Осы нысан бойынша есепті жасау кезінде Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексін басшылыққа алу керек.

      20-қосымша сонымен қатар 135 "Техникалық персонал бойынша жұмыс берушілердің жарналары" ерекшелігі бойынша жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарына арналған шығыстарын есептеу үшінде қолданылады.";

      27-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "27. 01-122-нысан (22-қосымша) Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдарды төлеуге шығыстарға арналған.

      Жоспарланып отырған жылға арналған әлеуметтiк аударымдардың сомасын есептеген кезде Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексін басшылыққа алу қажет.";

      31-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "31. 01-135-нысан (27-қосымша) техникалық персонал бойынша жұмыс берушілердің жарналары бойынша шығыстарды есептеу үшін. Есептеу кезінде "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" (бұдан әрі – Салық кодексі) Қазақстан Республикасы Кодексін және Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексін басшылыққа алу қажет.";

      47-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "47. Шығыстардың экономикалық сыныптамасының 133, 154, 155, 156, 157, 158, 163, 164, 165, 166, 167, 211, 212, 221, 321, 322, 323, 331, 332, 339, 341, 359, 361, 411, 412, 417, 418, 419, 421, 422, 423, 429, 431, 432, 433, 434, 435, 441, 451, 511, 512, 513, 514, 519, 521, 531, 541, 611, 612, 621, 711, 712, 713, 714, 715, 721 и 722 ерекшелiктерi бойынша жоспарланатын шығыстардың түрлері жөніндегі есептеулер еркiн нысанда жасалады.

      Қорлар мен негізгі құралдарды сатып алуға арналған шығыстарды жоспарлаған кезде есепке қорлар немесе негізгі құралдардың әрбір түрлері бойынша кем дегенде үш прайс-парақтар қоса беріледі.

      421, 423 және 435 ерекшелiктер бойынша міндетті тәртіпте есептеулердi ұсыну кезiнде мемлекеттік мекемелер жобалау-сметалық құжаттамаға және жұмыстардың (қызметтердiң) құнын негiздейтiн құжаттарға мемлекеттiк сараптаманың немесе кешенді ведомстводан тыс сараптаманың қорытындысын ұсынады, ал қорларды сатып алуға арналған есептеулерге ағымдағы жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік мекеменің теңгерімінде тұрған қорлардың іс жүзіндегі қалдықтарының болуы туралы ақпаратты және ағымдағы жылдың жоспарын ұсынады.

      Мәслихат депутаттарына олардың негізгі жұмыс орны бойынша орташа жалақыны өтеу жөніндегі шығыстарды есептеу "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының Заңына сәйкес осы қызметте бiр жылға дейiнгi жұмыс өтілі бар тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бірлік әкiмi аппараты басшысының жалақысынан аспайтын мөлшерде жүзеге асырылады. Есептеуге жұмыс берушілердің Салық кодексіне сәйкес әлеуметтік салық бойынша жарналары мен Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдары кіреді.

      164 ерекшелiк бойынша есептеудi ұсынған кезде "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларын бекіту және "Болашақ" халықаралық стипендиясын жұмсау бағаныттарын айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2008 жылғы 11 маусымдағы № 573 қаулысына сәйкес шетелдiк жоғары оқу орындары (әлемнiң ғылыми орталықтары мен зертханалары) мен Қазақстан Республикасы Үкiметiнің 2005 жылғы 4 сәуірдегі № 301 қаулысына сәйкес шетелде кадрларды даярлау, қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру халықаралық бағдарламаларын iске асыру жөнiндегi қызметтердi, оның ішінде "Болашақ" халықаралық стипендиясын берушi болып анықталған заңды тұлға арасында жасалған шарттардың көшiрмелерi ұсынылады.

      Өкілдік шығындарға шығыстарды жоспарлау кезінде "Өкілдік шығындар" бөлінетін бюджеттік бағдарламасын бөлу қағидаларын бекіту туралы"" Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің 2017 жылғы 28 ақпандағы № 11-1-2/66 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14926 болып тіркелген) бекітілген өкілдік шығындар нормаларын басшылыққа алған жөн.

      Заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестицияларды іске асыруға арналған шығыстар қаржылық-экономикалық негіздемеде айқындалған бюджеттік инвестицияларды іске асыру мерзімдеріне сәйкес жоспарланады.

      158 "Ақпараттандыру саласындағы жұмыстар мен қызметтерге ақы төлеу" ерекшелігі бойынша есепті ұсынған кезде "Ақпараттандыру саласындағы тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуға арналған шығыстардың есеп-қисабын жасау, ұсыну және қарау жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушы 2016 жылғы 16 наурыздағы № 274 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13631 болып тіркелген) бекітілген ақпараттандыру саласындағы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуға арналған шығындардың жалпы тізбесін басшылыққа алу керек.";

      73-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "73. Жергiлiктi бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсi бюджеттiк өтiнiмдi мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органға мемлекеттік органдардың бірыңғай электрондық құжат айналымы жүйесін пайдалану арқылы электронды құжат түрінде не электрондық тасығыштарда енгiзедi.

      "Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес келетін ақпараттық жүйе болған жағдайда, жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшісі бюджеттік өтінімді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органның ақпараттық жүйесі арқылы енгізеді.

      Егер бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсi мемлекеттік органның даму жоспарының жобасында немесе мемлекеттік органның даму жоспарына өзгерiстер мен толықтырулар жобасында қосымша шығыстарды немесе бюджет кiрiстерiн қысқартуды талап ететiн нормативтiк құқықтық актiлер әзiрлеудi немесе оларға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзудi ұсынса, онда бюджеттiк өтiнiммен бiр мезгiлде тиiстi нормативтiк құқықтық актiнiң жобасы енгiзiледi.".

      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бюджет заңнамасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрық 2024 жылғы 1 қантардан бастап қолданысқа енгізілетін осы бұйрықтың 1-тармағының үшінші және он үшінші абзацтарын, осы бұйрықтың 2-тармағының жиырма төртінші және отыз бірінші абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануы тиіс.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары -
Қаржы министрі
Е. Жамаубаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады