Батыс Қазақстан облысының мәдениет және архив ісі саласындағы азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандырушы үстемеақылар белгілеудің тәртібі мен шарттарын айқындау туралы

Жаңа

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2024 жылғы 19 сәуірдегі № 81 қаулысы

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңын басшылыққа алып, "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындар қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысының 5-тармағының 3) тармақшасына сәйкес Батыс Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулының қосымшасына сәйкес Батыс Қазақстан облысының мәдениет және архив ісі саласындағы азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандырушы үстемеақылар белгілеудің тәртібі мен шарттары айқындалсын.

      2. "Батыс Қазақстан облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі осы қаулының Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жариялануын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысына жүктелсін.

      4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Облыс әкімі Н.Төреғалиев

  Батыс Қазақстан облысы
әкімдігінің
2024 жылғы "___"
_____________
№ "___" қаулысына қосымша

Батыс Қазақстан облысының мәдениет және архив ісі саласындағы азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандырушы үстемеақылар белгілеудің тәртібі мен шарттары

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Батыс Қазақстан облысының мәдениет және архив ісі саласындағы азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандырушы үстемеақылар белгілеудің тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындар қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" қаулысының 5-тармағы, 3) тармақшасының негізінде әзірленді және Батыс Қазақстан облысының мәдениет және архив ісі саласындағы азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандырушы үстемеақылар белгілеудің тәртібі мен шарттарын айқындайды.

      2. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 1-бабы 1-тармағының 37) тармақшасына сәйкес жалақы - қызметкердің біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігіне, санына, сапасы мен жағдайларына, сондай-ақ өтемақы және ынталандыру сипатындағы төлемдерге байланысты еңбегі үшін сыйақы.

      3. Мемлекеттік басқару органы – жарғыға сәйкес коммуналдық мемлекеттік мекеменің уәкілетті органы болып табылатын тиісті саладағы мемлекеттік мекеме.

      4. Бюджеттік ұйым қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандырушы үстемеақылар төлеуге арналған бюджет қаражаты мемлекеттік ұйымды қаржыландыру жоспарында әрбір қаржы жылында көзделуге тиіс.

2 тарау. Қызметкерлердің лауазымдық айлықақыларына ынталандырушы үстемеақылар белгілеу шарттары

      5. Ынталандырушы үстемеақылар персоналды ынталандыру және білікті кадрлар құрамын сақтау мақсатында белгіленетін төлемдер болып табылады.

      6. Осы қаулыда көрсетілген бюджеттік ұйым қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандырушы үстемеақылар Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындар қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" қаулысында көзделген материалдық көмектің және ынталандырушы төлемдердің бұрыннан бар түрлеріне қосымша төлемдер болып табылады.

      7. Бюджеттік ұйым қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандырушы үстемеақылар төлеу қызметкерлердің еңбегін ынталандырудың өзге түрлерін (лауазымдарды қоса атқарғаны үшін сыйлықақылар, қосымша ақылар, үстеме ақылар, қамту аймағын кеңейткені үшін, үстеме ақылар және т.б.) төлеуді тоқтату үшін негіз болып табылмайды.

      8. Бюджеттік ұйым қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандырушы үстемеақылар төлеу күнтізбелік жыл ішінде жүзеге асырылады.

      9. Ынталандырушы үстемеақылар еңбекақының негізгі көрсеткіштерін, бюджет мүмкіндіктерін талдауға негізделе отырып және Қазақстан Республикасының заңнамасы өзгерген жағдайда жыл сайынғы негізде қайта қаралуы мүмкін.

      10. Жергілікті бюджет бюджеттік ұйым қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандырушы үстемеақылар төлемдерін қаржыландыру көзі болып табылады.

      11. Мемлекеттік басқару органы ведомстволық бағынысты ұйымның бірінші басшысының ұсынысы негізінде ведомстволық бағынысты ұйым қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандырушы үстемеақылардың мөлшерін белгілейді.

3-тарау. Қызметкерлердің лауазымдық айлықақыларына ынталандырушы үстемеақылар белгілеу тәртібі

      12. Мемлекеттік басқару органы ынталандырушы үстемеақылардың белгіленген мөлшерінің негізінде қосымша бюджет қаражатына қажеттілікті қалыптастырады және бюджеттік өтінімді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органға жібереді.

      13. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес жергілікті бюджеттен ынталандыру үстемелерін төлеуді жүзеге асыру үшін қажетті бюджет қаражатын көздейді және бюджет жобасын Батыс Қазақстан облысының мәслихатына жібереді.

      14. Уәкілетті орган ынталандырушы үстемеақылардың мөлшерін белгілегеннен кейін коммуналдық мемлекеттік мекеменің басшысы қызметкерлерге ынталандырушы үстемеақылар төлеу туралы бұйрық шығарады.

      15. Коммуналдық мемлекеттік мекеменің басшысы тәртіптік жазаның қолданылу кезеңінде өз қызметкерлеріне еңбек және/немесе атқарушылық тәртіпті бұзған жағдайда ынталандырушы үстемеақы төлеуді тоқтату туралы бұйрық шығарады.

      16. Ынталандырушы үстемеақылар Батыс Қазақстан облысы жергілікті атқарушы органының ұйымдарында: басқарушы және негізгі персонал қызметкерлеріне: театрларда, концерттік ұйымдарда, цирктерде: шығармашылық туындылар мен шығармашылық идеяларды жүзеге асыруға байланысты жұмыстар үшін; музейлерде (көркемсурет галереяларында (салондарда), студияларда, шеберханаларда және т.б.), музей-қорықтарда, тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі ұйымдарда (мәдени-тарихи орталықтар, мәдениет саласындағы зерттеу орталықтарында (зерттеу институттарында), реставрациялау орталықтарында және т.б.): тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтауды және танымал етуді қамтамасыз етуге байланысты жұмыстар үшін; кітапханаларда: кітап қорының халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсетумен байланысты жұмыстар үшін, оның ішінде электрондық кітапхана арқылы; мәдени-демалыс ұйымдарында (клубтарда, мәдениет және демалыс парктерінде, мәдениет үйлері мен сарайларда, халық шығармашылығы орталықтарында (үйлерінде) және т.б.): халық шығармашылығын, этномәдени дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды сақтауға, насихаттауға, оларды осы заманғы тарихи және әлеуметтік-экономикалық жағдайларға бейімдеу және халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсетуге байланысты жұмыстар үшін; кинематографиялық ұйымдарда: фильмді прокаттау және көрсету, киноматериалдарды дайындау, фильмді шығару жөніндегі жұмыстарды орындау және қызмет көрсетуге байланысты халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар үшін; мемлекеттік архивтерде: Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қорын сақтауды, жинақтауды және танымал етуді қамтамасыз етуге байланысты жұмыстар үшін төленеді.

      17. Ынталандырушы үстемеақылар қызметкер сынақ мерзімінде болған кезеңде төленбейді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады