Көлік инфрақұрылымын басқару және пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Астана қаласы әкімдігінің 2015 жылғы 5 қазандағы № 108-1755 қаулысы. Астана қаласының Әділет департаментінде 2015 жылы 11 қарашада № 966 болып тіркелді

      «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы, «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» 2007 жылғы 21 шілдедегі, Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 35) тармақшасына сәйкес, Астана қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Көлік инфрақұрылымын басқару және пайдалану қағидалары бекітілсін.
      2. «Астана қаласының Жолаушылар көлігі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Сулейменов Еділ Нұрланұлына осы қаулыны, әділет органдарында мемлекеттік тіркелгеннен кейін ресми және мерзімді баспа басылымдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған интернет-ресурста және қала әкімдігінің интернет-ресурсында жариялау жүктелсін.
      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Астана қаласы әкімінің орынбасары Нұрәлі Рахатұлы Әлиевке жүктелсін.
      4. Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Әкім                                             Ә. Жақсыбеков

Астана қаласы әкімдігінің
2015 жылғы 5 қазандағы 
№ 108-1755 қаулысымен 
бекітілген       

Көлік инфрақұрылымын басқару және пайдалану
қағидасы 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Көлік инфрақұрылымын басқару және пайдалану қағидасы (бұдан әрі – Қағида) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» заңдарына сәйкес әзірленді және коммуналдық меншіктегі астананың көлік инфрақұрылымы объектілерін басқару және пайдалану тәртібін айқындайды.
      2. Қағидада мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) басқару органы – акционерлік қоғамның (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің) мемлекеттік акциялар пакетін (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерін) иелену және пайдалану құқықтарын және/немесе коммуналдық кәсіпорынды басқаруды жүзеге асыратын тиісті саланың (аясының) уәкілетті органы;
      2) астананың көлік инфрақұрылымының басқарушы компаниясының құрылтайшысы – Астана қаласының жергілікті атқарушы органы
(бұдан әрі – құрылтайшы);
      3) көлік инфрақұрылымының объектісі/объект – Астана қаласының коммуналдық меншігіндегі теміржол, трамвай, жеңілрельс, монорельс және ішкі су жолдарын, автомобиль жолдарын, тоннельдерді, эстакадаларды, көпірлерді, вокзалдар мен станцияларды, жолаушыларға қызмет көрсету пункттерін, метрополитен желілерін, порттарды, порттағы құралдарды, кеме қатынайтын гидротехникалық құрылыстарды, әуеайлақтарды, әуежайларды, көлік-логистика орталықтарын, байланыс, навигация және көлік құралдарының жүрісін басқару жүйелерінің объектілерін, магистральдық құбыржолдарды, сондай-ақ көлік кешенінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін өзге де ғимараттарды, құрылыстарды, құрылғылар мен жабдықтарды қамтитын технологиялық кешен (бұдан әрі – объект);
      4) басқарушы компания – жергілікті атқарушы органның шешімімен айқындалған, объектілерді басқару функцияларын жүзеге асыратын және құрылтайшымен шарт жасасқан заңды тұлға.

2. Объектіні басқаруға және пайдалануға
құқықтың туындау негіздері

      3. Объектіні басқаруға беру туралы шешімді Астана қаласының мүддесінде жергілікті атқарушы орган қабылдайды.
      4. Объект бес жылдан аспайтын мерзімге басқару функциясын жүзеге асыратын компанияның басқаруына беріледі.
      5. Басқарушы компания жергілікті атқарушы органның шешімімен айқындалады.
      6. Объектіні басқару шарт (бұдан әрі – Шарт) бойынша мәміле негізінде туындайды (құрылады).

3. Құрылтайшының құқықтары және міндеттері

      7. Құрылтайшының:
      1) жазбаша сұрау салу бойынша объектіні басқару жөнінде басқарушы компанияның қызметі туралы ақпарат (есеп) алуға;
      2) басқарушы компанияның қызметіне араласпай, Шарт бойынша міндеттемелердің орындалуын, оның ішінде объектіні басқару тиімділігіне мониторинг жүргізу, Шарт бойынша міндеттемелердің орындалуы жөнінде басқарушы компанияның есебін тыңдау арқылы бақылауға;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де әрекеттерді жасауға құқығы бар.
      8. Құрылтайшы:
      1) объектіні басқарушы компанияға Шартта белгіленген мерзімдерде беруге;
      2) басқарушы компанияға Шарт бойынша өз міндеттерін жүзеге асыруы үшін қажетті құжаттарды беруге.

4. Басқарушы компанияның құқықтары және міндеттері

      9. Басқарушы компанияның:
      1) басқаруға берілген объектіге қатысты құрылтайшының мүддесі үшін заңдық және нақты әрекеттер жасауға;
      2) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында және шартта белгіленген тәртіпте объектіні басқару кезінде өзі жасаған қажетті шығыстарды өтеуге;
      3) басқарушы компания ретінде әрекет ететінін көрсете отырып, басқаруға берілген объектімен өз атынан мәмілелер жасасуға;
      4) уәкілетті мемлекеттік органдардан Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қажетті болып табылатын барлық рұқсат құжаттарды сұратуға;
      5) құрылтайшының жазбаша келісімі бойынша ғана жылжымайтын мүлікті иеліктен шығаруға және кепілге беруге құқығы бар.
      10. Басқарушы компания:
      1) объектіні тиімді басқаруды жүзеге асыруға;
      2) объектінің сақталуын қамтамасыз етуге;
      3) басқарушы компанияның құқықтары мен міндеттерін шартқа сәйкес жүзеге асыруға;
      4) шартты тиісті орындау мақсатында объектіні басқару бойынша әрекеттердің нәтижесінде туындайтын міндеттерді орындауға;
      5) құрылтайшыға жазбаша нысанда өз қызметі туралы есеп беруге міндетті.

5. Объектіні пайдалануға қойылатын талаптар

      11. Объектіні басқаруға қабылдағанға дейін басқарушы компания:
      1) техникалық паспортты және объект құрамын (құрылысты және технологиялық жабдықты, теңгерімдік құнын), технологиялық операциялардың тәртібі мен құрамын;
      2) объект элементтерінің функционалдық ерекшеліктерін (құрылыстың, жабдықтың мақсатын, технологиялық және техникалық сипаттамаларын, жұмыс және пайдалану тәртібін);
      3) қауіпсіздікті қамтамасыз етудің инженерлік-техникалық жүйелерінің құрамын және техникалық сипаттамаларын (сигнал беру құралдарын, рұқсат беруді бақылауды, тексеріп қарауды, бейнебақылауды, аудио және бейнежазбаларды, байланысты, жарықты, ақпарат жинауды, өңдеуді, қабылдау мен беруді);
      4) объект орналасқан ауданның географиялық, топологиялық, климаттық сипаттамаларын;
      5) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің тиісті аумақтық бөлімшелерімен, объект қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы басқа мемлекеттік билік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен өзара іс-қимыл жасау регламенттерін;
      6) объектінің тіршілігін қамтамасыз ету тұрақтылығын қамтамасыз ету тәртібін зерделеуге міндетті.
      12. Зерделеу қорытындылары бойынша басқарушы компания:
      1) жобалау, техникалық, технологиялық құжаттаманы және ақпараттық сипаттағы құжаттарды зерделеудің жұмыс нәтижелерін ұсынуға;
      2) зерделенген құжаттаманың және объектіні және тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерін шолып зерттеу, жұмысқа қабілеттілігін және оның нақты жай-күйін тексеру нәтижелерін ұсынуға;
      3) нақты объектіге қатысты заңсыз араласу актісінің ықтимал қауіп-қатерін талдау кезінде экономикалық, әлеуметтік, техногендік сипаттағы ықтимал салдардың (келтірілген нұқсанның) мүмкіндігін бағалауды айқындауға;
      4) объектінің осал аймақтарының және сындарлы элементтерінің сипатын, әрекет ететін объект қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесінің тиімділігін бағалауды ұсынуға;
      5) ұсынылған құжаттаманың және объектіні зерттеудің нақты нәтижелерінің басқарушы нормативтік құжаттардың талаптарына және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі талаптарға сәйкестігін айқындайтын қорытындылар мен нәтижелердің талдауын ұсынуға;
      6) анықталған бұзушылықтарды жою бойынша ұсынымдарды әзірлеу мен ресімдеуге және объектінің сақталу дәрежесін қауіпсіздікті қамтамасыз ету талаптарына сәйкестендіру;
      7) объектіні басқаруға беру-қабылдау актісін ұсынуға міндетті.
      13. Объектіні басқаруға қабылдаған кезде басқарушы компания:
      1) қолданыстағы нормативтік құжаттардың (мемлекеттік нормалар мен стандарттардың) талаптарына сәйкес объектіні пайдалануды;
      2) объектінің тұрақты функционалдық жарамдылығын, тұтастай құрылыстың, сол сияқты оның жекелеген элементтері қасиеттерінің сақталуын;
      3) шығарушы зауыттардың нұсқаулықтарына және нормативтік құжаттарға сәйкес инженерлік-техникалық жабдықты күтіп ұстауды, пайдалануды, ағымдағы және жоспарлы жөндеуді қамтамасыз етуге міндетті.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады