Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің терроризмге қарсы құралымдары үшін кадрлар даярлау туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 18 сәуірдегі N 428-IV Заңы

        2009 жылғы 16 маусымда Екатеринбургте жасалған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің терроризмге қарсы құралымдары үшін кадрлар даярлау туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. Назарбаев

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің терроризмге қарсы құралымдары үшін кадрлар даярлау туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер,
      2002 жылғы 7 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымның Хартиясын, 2001 жылғы 15 маусымдағы Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясын, 2002 жылғы 7 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы Өңірлік терроризмге қарсы құрылым туралы келісімді және 2005 жылғы 5 шілдедегі Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрестегі ынтымақтастығы тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып,
      Тараптардың Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің терроризмге қарсы құралымдары үшін кадрлар даярлау саласындағы ынтымақтастығы терроризмге қарсы күрестің тиімділігін арттыру үшін маңызды мәнге ие екенін ескере отырып,
      Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің терроризмге қарсы құралымдары үшін кадрларды тиімді даярлауды қамтамасыз ету мақсатында,
      ұлттық заңнаманы және халықаралық құқықтың жалпыға танылған нормаларын басшылыққа ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін онда қолданылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:
      «терроризмге қарсы құралымдар» - терроризмге қарсы іс-шаралар өткізу үшін әрбір Тарап өзінің заңнамасына сәйкес құратын мамандар тобы;
      «кадрлар» - сұрау салушы Тараптың терроризмге қарсы құралымдарында қызмет өткеріп жатқан мамандар мен нұсқаушылар;
      «оқып-үйренуші» - даярлықтан өтіп жатқан тұлға;
      «оқытушы» - оқып-үйренушіге білімді, шеберлікті және тәжірибені беруді жүзеге асыратын және тиісті біліктілігі бар тұлға;
      «даярлау» - кәсіби қайта даярлаудың кәсіби білім беру бағдарламалары бойынша оқыту, оқып-үйренушінің біліктілігін арттыру немесе білім деңгейін арттырмай кәсіби даярлау;
      «сұрау салынатын Тарап» - өз кадрларын даярлауға жәрдем көрсету туралы сұрау салынатын Тарап;
      «сұрау салушы Тарап» - өз кадрларын даярлауға жәрдем көрсету туралы сұрау салатын Тарап;
      «қабылдаушы Тарап» - аумағында кадрларды даярлау өткізілетін Тарап;
      «жіберуші Тарап» - қабылдаушы Тарап аумағына даярлау үшін өз кадрларын жіберетін Тарап;
      «транзит Тарабы» - аумағы арқылы оқып-үйренушілерді және/немесе оқытушыларды, сондай-ақ даярлық өткізілетін жерге және кері қарай қамтамасыз ету материалдарын өткізу жүзеге асырылатын Тарап;
      «оқу бөлімшелері» - кадрларды даярлауды белгіленген тәртіппен жүзеге асыратын оқу орындары, оқу орталықтары, құрылымдық бөлімшелер;
      «қамтамасыз ету материалдары» - оқу құралдары, оқу-сыныптық керек жарақтар, зертханалық жабдық, қару-жарақ, әскери және арнайы техника, практикалық оқытудың техникалық құралдары, сондай-ақ оқу жоспарларына және оқу бағдарламаларына сәйкес кадрларды даярлау үшін қажетті шығыс материалдары мен басқа да жабдықтар;
      «Бағдарлама» - Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының Атқару комитеті үш жылдық мерзімге әзірлейтін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің терроризмге қарсы құралымдарының кадрлар даярлау бағдарламасы.

2-бап

      Тараптардың кадрларын даярлауды Тараптардың құзыретті органдары Шанхай ынтымақтастық ұйымның Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы Атқару комитетінің жәрдемімен және үйлестіруімен:
      - терроризмге қарсы күрес саласында практикалық білімді, шеберлікті және дағдыны жетілдіру;
      - арнайы терроризмге қарсы, оның ішінде бірлескен іс-шараларды өткізудің қазіргі заманғы тактикалық амалдарын меңгеру;
      - жеке арнайы даярлық деңгейін арттыру;
      - терроризмге қарсы құралымдар қызметінің тәжірибесімен алмасу мақсатында жүргізіледі.

3-бап

      Кадрларды даярлау қабылдаушы Тараптың оқу орындарында не сұрау салынатын Тараптың оқытушыларын сұрау салушы Тараптың аумағына жіберу жолымен жүзеге асырылады.
      Келісім бойынша Тараптар қабылдаушы Тараптың құзыретті органдарының құрылымдық бөлімшелерінде тағлымдамадан өту үшін өздерінің кадрларын жіберуі мүмкін.

4-бап

      Кадрларды даярлау Шанхай ынтымақтастық ұйымның Өңірлік терроризмге қарсы құрылым кеңесінің шешімімен бекітілетін Бағдарламаға сәйкес және (немесе) екі жақты келісімдер шеңберінде жүзеге асырылады.
      Кадрларды даярлау бойынша шығыстарды қаржыландыру қабылдаушы және жіберуші Тараптардың құзыретті органдары арасындағы шарттар (келісімдер) негізінде жүзеге асырылады.

5-бап

      Тараптардың құзыретті органдары даярлау жылының алдындағы жылдың 1 ақпанынан кешіктірмей Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының Атқару комитетіне сол немесе өзге мамандықтар бойынша оқып-үйренушілердің саны, даярлық өткізудің ықтимал мерзімі және (немесе) оқытушылар саны, оларды іссапарға жіберу мерзімі, сабақтардың тақырыптары, сондай-ақ даярлыққа қатысы бар басқа да ақпарат көрсетілетін өз кадрларын даярлауды ұйымдастыру туралы сұрау салу жібереді.
      Сұрау салуға Тараптың құзыретті органының басшысы немесе оны алмастыратын адам қол қояды және (немесе) осы органның елтаңбалық мөрімен куәландырылады.

6-бап

      Тараптардың құзыретті органдары даярлау жылының алдындағы жылдың 1 ақпанынан кешіктірмей Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының Атқару комитетіне оқу бағдарламалары мен даярлауды ұйымдастыру жоспарлары, даярлау пәндері мен олардың мазмұны, оқып-үйренушілерге қойылатын талаптар, оқып-үйренушілердің саны, даярлық күндері мен мерзімі, шығыстар сметасы, оқып-үйренушілердің даярлау орнына келу және олардың кету тәсілдері, жағдайлары туралы хабарлайды.

7-бап

      Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының Атқару комитеті белгіленген тәртіппен Тараптардан келіп түскен сұрау салулар мен ұсыныстардың негізінде даярлау жылының алдындағы жылдың 1 наурызына дейін кадрлар даярлауды ұйымдастыру жөніндегі қолда бар мүмкіндіктер мен осы мақсаттарға көзделіп отырған шығыстар туралы ұсыныстарды әзірлейді және қарау үшін таратады.

8-бап

      Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының Атқару комитеті:
      - сұрау салушы Тараптардың құзыретті органдарына сұрау салынатын Тараптың даярлауды ұйымдастыру және өткізу шарттары туралы ақпараттың жіберілуіне, сондай-ақ сұрау салушы Тараптардың құзыретті  органдары сұрау салынатын Тарапқа өтінімдерін беруіне;
      - Тараптардың құзыретті органдарымен даярлауды өткізу уақыты мен орнын, оқытылатын пәндердің және олардың мазмұнын, оқып-үйренушілердің санын, шығыстардың сметасы мен басқа да мәселелерді келісуге;
      - келісу процесінде келіспеушіліктер мен даулар туындаған кезде  сұрау салынатын және сұрау салушы Тараптардың құзыретті органдарының іс-қимылдарына жәрдемдеседі және үйлестіреді.

9-бап

      Кадрларды даярлау туралы келісімшарт (шарт) жіберуші Тараптың құзыретті органы мен қабылдаушы Тараптың құзыретті органының тиісті оқу бөлімшесі арасында оқу жылының алдындағы жылдың 1 желтоқсанына дейін жасалады.
      Келісімшартта (шартта):
      1) оқу бағдарламасының және/немесе оқу жоспарының атауы;
      2) даярлауды өткізу мерзімі;
      3) оқып-үйренушілердің және/немесе оқытушылардың саны;
      4) оқып-үйренушілерге қойылатын талаптар;
      5) оқып-үйренушілерді және/немесе оқытушыларды:
      а) оқытушылармен (оқып-үйренушілер үшін);
      б) оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларына сәйкес кадрларды даярлау үшін қажетті қамтамасыз ету материалдарымен;
      в) кітапханаларды, оқу және спорт залдарын, кадрларды даярлау үшін қажетті басқа да үй-жайларды және аумақтарды пайдаланумен;
      г) аудармашылық қызметтермен;
      д) медициналық қамтамасыз етумен;
      е) оқу мақсаттары үшін көлікпен;
      ж) тұрғын үй-жайлармен және тамақпен қамтамасыз ету шарттары;
      6) оқып-үйренушілердің және/немесе оқытушылардың даярлау орнына  және кері жол жүру шарттары;
      7) жіберуші Тараптың оқып-үйренушілері және/немесе оқытушыларының қабылдаушы Тараптың аумағына кіру/шығу және онда болу үшін құжаттарды ресімдеу тәртібі;
      8) кадрларды даярлау үшін ақы төлеудің тәртібі, мерзімі және шарттары;
      9) оқып-үйренушіні мерзімінен бұрын оқудан шығару үшін негіздеме;
      10) жіберуші Тараптың оқып-үйренушілері мен қабылдаушы Тараптың оқытушыларының өмірі мен денсаулығын сақтандыру;
      11) дауларды шешу тәртібі;
      12) басқа да қажетті деректемелер көрсетіледі.

10-бап

      Даярлау аяқталған соң оқу бағдарламасын толық көлемде меңгерген оқып-үйренушілерге оқу бөлімшелері даярлаудан өткені туралы құжаттар береді.

11-бап

      Кадрларды даярлау жөніндегі келісімшарт (шарт) аяқталған соң жіберуші және қабылдаушы Тараптардың құзыретті органдары өздерінің қорытындыларымен және ұсыныстарымен қоса даярлаудың өткізілу нәтижелері туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының Атқару комитетін хабардар етеді.
      Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының Атқару комитеті жыл қорытындысы бойынша келіп түскен материалдарды қорытындылайды және белгіленген тәртіппен Тараптардың құзыретті органдарын хабардар етеді.

12-бап

      Мемлекеттік шекаралар арқылы өту, сондай-ақ оқып-үйренушілерді даярлау үшін қажетті қамтамасыз ету материалдарын Тараптардың аумақтары арқылы транзиттеу мүдделі Тараптардың құзыретті органдарымен келісілген, кедендік алымдар мен өзге де төлемдерден босатылатын, тексеріп қарауға, алып қоюға және тәркілеуге жатпайтын қамтамасыз ету материалдарының тізбесі негізінде жүзеге асырылады.
      Қамтамасыз ету материалдарын мемлекеттік шекаралар арқылы өткізу, сондай-ақ Тараптардың аумағы арқылы транзиттеу кезінде Тараптар өздерінің заңнамасында белгіленген тиісті рәсімдерді жедел орындауға жәрдемдеседі.

13-бап

      Тараптар жіберуші Тараптың оқып-үйренушілеріне және оқытушыларына Тараптардың мемлекеттік шекараларын кесіп өту үшін тиісті құжаттарды ресімдеуде өзара жәрдем көрсетеді.

14-бап

      Жіберуші Тараптың оқып-үйренушілері және/немесе оқытушылары даярлау кезеңінде және даярлау орнына бару және қайту жолында қабылдаушы Тараптың, сондай-ақ транзит Тарапының заңдарын сақтайды және әдет-ғұрыптарын құрметтейді.

15-бап

      Қабылдаушы Тарап пен транзит Тарабы жіберуші Тараптың оқып-үйренушілерінің және оқытушыларының құқықтық жағдайын құрметтейді.

16-бап

      Жеке не заңды тұлғаға немесе қабылдаушы Тараптың өзіне жіберуші Тараптың оқып-үйренушісі немесе оқытушысы залал келтірген жағдайда мұндай залалды қабылдаушы Тараптың заңнамасына сәйкес жіберуші Тарап өтейді.
      Даярлау барысында жіберуші Тараптың оқып-үйренушілерінің немесе оқытушыларының өмірі мен денсаулығына келтірілген залалды қабылдаушы Тарап өз азаматтарына қатысты өз заңнамасында көзделген тәртіппен өтейді.
      Жіберуші Тарап қабылдаушы Тараптың қандай да болмасын, оның ішінде жіберуші Тараптың оқып-үйренушілерінің немесе оқытушыларының олар қабылдаушы Тарап аумағында болған кезеңдегі өліміне, дене жарақаттарына байланысты залалды немесе өміріне, денсаулығына және мүлкіне келтірілген кез келген басқа да залалды, егер мұндай залал жіберуші Тараптың оқып-үйренушісінің өзінің немесе оқытушысының кінәсінен даярлау барысында келтірілген болса, өтеуге қатысты талаптарынан бас тартады.
      Бұл ретте оқып-үйренушілерге, оқытушыларға және олардың отбасы мүшелеріне олардың Тараптарының заңнамасында белгіленген жеңілдіктер, кепілдіктер мен өтемақылар толық көлемде сақталады.

17-бап

      Осы Келісімнің 16-бабында көзделмеген жағдайларда қабылдаушы Тарап аумағында оқып-үйренушілердің, оқытушылардың өмірі мен денсаулығына келтірілген залал мүдделі Тараптар арасындағы уағдаластық бойынша өтеледі.

18-бап

      Оқу материалдары мен қамтамасыз ету материалдарының жоғалуына,
толық немесе ішінара жойылуына байланысты шығыстарды қоса алғанда,
қабылдаушы Тарап тартқан шығыстарды өтеу тәртібі мүдделі Тараптар
арасындағы уағдаластық бойынша белгіленеді.
      Әкелінген арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарының жоғалуына, толық немесе ішінара жойылуына байланысты шығыстарды қоса алғанда, жіберуші Тарап тартқан шығыстарды өтеу тәртібі мүдделі Тараптар арасындағы уағдаластық бойынша белгіленеді.

19-бап

      Тараптар осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға байланысты даулы мәселелерді консультациялар мен келіссөздер жолымен шешеді.

20-бап

      Осы Келісім Тараптардың өзі қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

21-бап

      Осы Келісім шеңберінде ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде Тараптар жұмыс тілі ретінде орыс және қытай тілдерін пайдаланады.

22-бап

      Осы Келісімге Тараптардың келісімімен хаттамалар түрінде ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

23-бап

      Тараптар осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдер орындалғаннан кейін отыз күн ішінде осы Келісімді іске асыруға жауапты құзыретті органдар туралы жазбаша нысанда осы Келісімнің депозитарийін хабардар етеді.
      Құзыретті органдар және/немесе олардың атаулары өзгерген жағдайда Тараптар он бес күн ішінде бұл туралы осы Келісімнің депозитарийін хабардар етеді.
      Шанхай ынтымақтастық ұйымның Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы Шанхай ынтымақтастық ұйымның осы Келісімді іске асыруға жауапты құзыретті органы болып табылады.

24-бап

      Шанхай ынтымақтастық ұйымның хатшылығы осы Келісімнің депозитарийі болып табылады, ол осы Келісімге қол қойылған күннен бастап он бес күн ішінде оның куәландырылған көшірмелерін Тараптарға жібереді.
      Депозитарий Тараптардан оның осы Келісімді іске асыруға жауапты құзыретті органдары туралы хабарламаны алған күннен бастап он бес күн ішінде бұл туралы басқа Тараптарға хабарлайды.

25-бап

      Осы Келісім 2001 жылғы 15 маусымдағы Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясының қолданылу мерзіміне жасалады және депозитарий Тараптардың осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы жазбаша нысандағы төртінші хабарламаны алған күннен бастап отызыншы күні күшіне енеді.
      Осы Келісім 2001 жылғы 15 маусымдағы Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясына қатысушы болып табылатын мемлекеттердің қосылуы үшін ашық. Қосылған мемлекет үшін осы Келісім депозитарий оның қосылған туралы құжатты алған күннен бастап отызыншы күні күшіне енеді
      Тарапқа қатысты 2001 жылғы 15 маусымдағы Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясы қолданысының тоқтатылуы ол үшін осы Келісім қолданысының өздігінен тоқтатылуына әкеп соғады.
      2009 жылғы 16 маусымда Екатеринбург қаласында орыс және қытай тілдерінде бір данада жасалды және екі мәтіннің де күші бірдей.

      Қазақстан Республикасы үшін

      Қытай Халық Республикасы үшін

      Қырғыз Республикасы үшін

      Ресей Федерациясы үшін

      Тәжікстан Республикасы үшін

      Өзбекстан Республикасы үшін

      2009 жылғы 16 маусымда Екатеринбург қаласында қол қойылған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше-мемлекеттердің терроризмге қарсы құралымдары үшін кадрлар даярлау туралы келісімнің куәландырылған көшірмесінің куәландырылған көшірмесін дәлдігін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігінің
      халықаралық құқық департаментінің
      Басқарма бастығы                           Б. Пискорский

      РҚАО-ның ескертпесі. Бұдан әрі Келісімнің мәтіні қытай тілінде берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады